ШҚО-да Қостанайда өрттен зардап шеккендерге 35 тонна гуманитарлық көмек жиналды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Қостанайда өрттен зардап шеккендерге 35 тонна гуманитарлық көмек жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АМАНАТ» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының гуманитарлық пунктінде 35 тонна жүк жиналды. Өңір жұртшылығы мұнда 4 қыркүйектен бастап көмек жинауға кіріскен.

«Барлық деңгейдегі депутаттар, жанашыр азаматтар, жастар мен еріктілер азық-түлік, тұрмыстық техника мен қажетті заттарды жинап жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Дәл қазір гуманитарлық пунктке 14 тонна ұн, 5 тонна макарон, 10 тонна күнбағыс майы, 3 тонна ауыз су жиналды», - дейді партия филиалының жауапты хатшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Барлық жиналған гуманитарлық көмек 6 қыркүйек күні түсте Қостанай облысына жөнелтіледі.