ШҚО-да күкірт қышқылы төгілген жер маңындағы бұлақтан сынама алынды
Кеше Күршім ауданында 23 тонна күкірт қышқылын тиеп келе жатқан жүк көлігі аударылып қалған болатын. Соның салдарынан жерге 20 тоннаға жуық күкірт қышқылы төгілген.
ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, бүгін мердігер ұйым «Хим Транссервис» ЖШС сол аумақта топырақ қазып алды. Топырақ үйіндісі сілтісіздендіру үшін шығарылады.
Күршім ауданы әкімдігінің дерегінше, оқиға орнынан 30 метр қашықтықта құрғап қалған бұлақ арнасы, ал 5 шақырым жерде бұлақ көзі бар. Қазіргі уақытта токсикологиялық зерттеулер үшін бұлақ суынан сынама алынды.
«Ол елді мекендерден алыс, сондықтан тұрғындар бұл бұлақтан су алмайды. Қалғұты ауылдық округінің (Қаратоғай Егіндібұлақ, Ақбұлақ ауылдары) жергілікті тұрғындары Whatsapp мессенджері арқылы хабардар етілді», - делінген хабарламада.