2018 жылы Өскемен-Алтай бағытындағы Осинов асуынан төте жолдың құрылысы басталған болатын. Бұл - өте маңызды жол.
Себебі Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасына және Катонқарағай ауданына туристер тек осы жол арқылы жетеді.
5 жыл өтсе де жол әлі салынып бітпеді.
Оның себебін әкімдік – жол салушылар байқаусызда орман шаруашылығының жеріне кіріп кеткен деп түсіндірген болатын.
Бүгін баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахымбаева бұл жолдың келесі жылы қайта салына бастайтындығын мәлім етті.
«Жолдың 56-дан 72 шақырымына дейінгі учаскеде құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компания анықталды. Бірақ осы жылы бұл мақсатта республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Ал 72-ден 88 шақырымға дейінгі учаскеге қатысты жоба әлі әзірленуде. Түзету жұмыстары мен сараптаманы биыл аяқтау жоспарланған», - деді ол.