ШҚО-да құрылысы «жыр» болған Осинов асуындағы жол күзде пайдалануға берілмек

Фото: Алтай ауданы әкімдігінен

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы құрылысы созылып кеткен Осинов асуындағы жол биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

2018 жылы Өскемен-Алтай бағытындағы Осинов асуынан төте жолдың құрылысы басталған болатын. Бұл — өте маңызды жол. Себебі Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасына және Катонқарағай ауданына туристер тек осы жол арқылы жетеді.

Алайда жол салушылар байқаусызда орман шаруашылығының жеріне кіріп кеткендіктен жол құрылысы тоқтап қалып, өткен жылы қайта салына бастады. Осылайша, халықтың бұл жолдың пайдалануға берілгенін тосып жүргеніне 7 жыл болды. 

— 2025 жылдың 1 қыркүйегінде туристік бағыттың негізгі учаскелерінің бірі — Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысы аяқталады. Сондай-ақ туристік бағыттарға апаратын жолдар бойында дәретханалар орнатылады. Олардың тазалығы бақылауда болады, — деп хабарлады ШҚО әкімдігінен. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да панорамалық вагондар жобасы неге іске аспайтын болғаны жайлы жазғанбыз.