ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар жол апатынан көлікке қыстырылып қалған адамды алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 19 қазан күні сағат 05.43-те Алтай ауданы Курчатов көшесінде болған. «ВАЗ 21010» маркалы автокөлікті тізгіндеген ер адам рульге ие бола алмай қалып, ағашқа соғылды.
«Жол апаты салдарынан жүргізуші көлікке қыстырылып қалған. Құтқарушылар оқиға орнына шұғыл келіп жетті. Гидравликалық құралдың көмегімен көліктің артқы есігін ашып, 1981 жылғы азаматты алып шықты», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Денсаулығы орташа ауыр жағдайдағы зардап шегуші жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.