ШҚО-да құтқарушылар өрт ішінен 7 газ баллонын шығарып үлгерді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары екі жерде шыққан өртті сөндіру барысында 7 газ баллонын сыртқа алып шығып үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 11 қараша күні сағат 17:03-те Алтай қаласында жеке тұрғын үйдің ауласында өрт шыққан. Шаруашылық қора-жайдың ағаш құрылымдарына жайылған қызыл жалынның жалпы ауданы – 24 шаршы метр. №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері ғимарат ішінен 3 оттегі баллонын және 5 газ баллонын алып шықты.

«Өрт гаражда тұрған 1996 жылғы «Субару Легаси» маркалы автокөлігіне және жеке тұрғын үйдің кіреберісіне тарап кетті. Тілсіз жаудың шығу себебі – отты абайсыз қолдану болуы мүмкін. Өртті сөндіруге барлығы 3 техника мен жеке құрамнан 9 адам жұмылдырылды», - делінген ақпаратта.

Сол күні Өскемендегі саяжай қауымдастығының аумағында 2 қабатты саяжайда өрт болды. Шатырдың ағаш құрылымдары, жиһаз, есік пен терезе блоктары және қабырғалар отқа оранды. Өрт сөндірушілер ас үйден 27 литрлік екі газ баллонын сыртқа шығарды.

Көп ұзамай жалын толықтай ауыздықталды. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – пеш орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірдің тұрғын үй секторында 464 рет өрт шыққан.