ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында құтқарушылар өртенген қорадан 4 газ баллонын шығарып үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ушанов ауылындағы шаруашылық қора-жайларда өрт шыққан. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер бірден тілсіз жауды ауыздықтауға кірісіп, жалынның жер үйге таралуына жол бермеді. Сондай-ақ құтқарушылар қораның ішінен 4 газ баллонын шығарып үлгерген.
Айта кетейік, өртті өшіруге жеке құрамнан 20 адам мен төрт техника жұмылдырылды. Тілсіз жаудың шығу себебі – отпен абайсыз әрекет етуден немесе электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болуы мүмкін.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.