ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында өрт сөндірушілер отқа оранған үйден 3 газ баллонын шығарып үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Предгорное ауылындағы 2 қожайынға арналған жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Тілсіз жау шатырдың ағаш құрылымдарын, дәлізді, жиһаздар мен жеке заттарды шарпыды.
«Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен құтқарушылар жанып жатқан үйден 3 газ баллонын шығарып үлгерді. Көп ұзамай жалпы ауданы 105 шаршы метрді құраған қызыл жалын толықтай ауыздықталды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Алдын ала мәлімет бойынша оттың шығуына – электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау себеп болған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.