ШҚО-да құтқарушылар жолда қалған екі адамға көмектесті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында екі адам көліктері сынып, жолда қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 8 ақпанда сағат 04.53-те құтқарушыларға хабарласқан «Toyota Camri» маркалы автокөлігінің жүргізушісі «Өскемен-Рахман қайнары» тасжолының 291-ші шақырымындағы Катонқарағай ауданы Майемер және Солдатово ауылдары арасында жолда қалғанын айтты.

«Оқиға орнына №26 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп жетті. Белгілі болғандай, 2 адам мініп келе жатқан көлік кенет сынып қалған. Азаматтар жақын маңдағы Үлкен Нарын ауылына жеткізілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте, ТЖД өңір тұрғындарына алыс сапарға шығар алдында көліктерін мұқият тексеріп алу қажеттігін ескертеді.