ШҚО-да құтқарушылардың қысқа дайындығы тексерілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылардың қысқа дайындығы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Жұмәділовтің басшылығымен ТЖ алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында су тасқынына қарсы іс-шаралар, қыс кезіндегі жұртшылықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыға салынды.

«Биыл елді мекендерді су басудан қорғау мақсатындағы жол картасы шеңберінде жалпы сомасы 162 млн теңгеге облыстың 6 ауданында (Алтай, Тарбағатай, Глубокое, Бесқарағай, Зайсан және Катонқарағай) жоспарланған 11 шара толықтай іске асырылды. Қорғаныс бөгеттерін ағымдағы жөндеу, өзен арналарын тазарту, жағалауды нығайту сынды жұмыстар жүргізілді», - деді ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкель.

Шығыс Қазақстан аумағында мұз үстінде балық аулайтындар аз емес. Балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан 4 адам көз жұмған. Осы ретте, құтқарушылар балықшыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Отырыстағы өзекті тақырып – биылғы қысқы кезең болды. Осы күнге дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс аумағында 7 рет дауылды ескерту жарияланып, аймақ жолдары 9 рет жабылған. Нұржан Жұмаділов қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне, ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, жол қызметтеріне қысқы жағдайда жылыту пункттерінің дайындығын және жұмысын қамтамасыз ету, қар құрсауында қалған жүргізушілер мен жолаушылар үшін қосымша жылыту және тамақтандыру пункттері ретінде жол бойындағы дәмханаларды пайдалануды қарастыруды тапсырды», - делінген ақпаратта.