ШҚО-да құтқарушылардың су тасқынына дайындығы тексерілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылардың су тасқынына дайындығы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктемгі су тасқыны кезеңіне әзір болу үшін ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық құралдары, нақты айтқанда сорғы станциялары мен мотопомпалар тексеруден өтті. Белгілі болғандай, толықтай жабдықталған барлық 115 мотопомпа жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, Өскемен, Семей және Алтай қалаларында 7 сорғы станциясы бар.

«Департаменттің жеке құрамымен теориялық және практикалық сабақтар өткізіліп, мотопомпаның құрылымы және онымен жұмыс кезіндегі қауіпсіздік техникасы жіті түсіндірілді. Қазіргі уақытта 13 қайық, 44 үрлемелі резеңке қайық және 1 кеме дайын тұр», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, су тасқыны кезеңінде жұмыс істейтін қызметкерлер 708 Лиман гидрокомбинезонымен жабдықталған.