ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, секундына 28 метр жылдамдықпен соққан жел ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатырын ұшырып әкеткен. Нақты айтқанда, екіқабатты 19 тұрғын үй, 72 жер үй, 4 мектеп, балабақша мен орталық аудандық аурухананың шатырына зақым келді.
«Ағаштардың құлауына байланысты электр желілері үзіліп, 9138 абонент жарықсыз қалған. Оқиға орнында «ШҚ АЭК»-ның 5 жедел бригадасы жұмыс істеуде», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар құлаған бұталар мен сынған әйнектерден жарақат алған 7 адам қалалық ауруханаға жеткізілген. Оның ішінде 6 адамға медициналық көмек көрсетіліп үйлеріне қайтарылса, біреуі ауруханаға жатқызылды.
Қазірде жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған комиссия желдің нақты қанша ғимаратқа залал келтіргенін анықтау үстінде.