ШҚО-да құжаттары талапқа сай емес 3 көпқабатты үйдің құрылысы тоқтатылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында құжаттары талапқа сай емес 3 көпқабатты үйдің құрылысы тоқтатылды.

Фото: ҚТК баспасөз қызметі

Облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының хабарлауынша, өңір бойынша тек екі тұрғын үй кешені үлескерлердің қаражатын тартуға құқылы. Атап айтқанда, «Жаным» және «Sparkle Diamond» тұрғын үй кешендері.

«Бүгінгі таңда төрт тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарына қажетті құжаттары толық емес. Сондықтан оның ішіндегі үш кешеннің құрылысы тоқтатылды. Тағы екі тұрғын үйде жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқулар анықталды», - делінген ақпаратта. 

Тексеру барысында «Emeralds» тұрғын үй кешенін салушы «ROYAL FINANCE GROUP» ЖШС-ның заң талабын бұзғаны анықталды. 

«Рұқсат құжаттары жоқ болғанына қарамастан компания үлескерлердің қаражатын тартумен айналысқан. Қазіргі таңда басқарма мамандары үлескерлердің мүддесін қорғап, «Emeralds» тұрғын үй кешені құрылысының заңды түрде аяқталуын қамтамасыз ету шараларын қолданбақ», - делінген мәліметте.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да апатты жағдайда тұрған үйдің тұрғындары әкімдікке шағымданғаны хабарланған.