ШҚО-да қылмыстық топтың ісі сотқа тапсырылды

АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Арнайы прокурордың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы Шығыс Қазақстан облысында Ресейдің екі азаматын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Бұл туралы бүгін дәстүрлі апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресми өкілдің айтуынша, тергеу нәтижелеріне қарағанда 3 адамға Қылмыстық кодекстің 8 бабы бойынша, оның ішінде тұрақты қарулы топ құру, оған басшылық ету және қатысу, екі адамды өлтіру, алаяқтық, атыс қаруын заңсыз сатып алу, тасымалдау мен сақтау және басқа да қылмыстара қатысты айып тағылды.

 Осы топ қылмыстық әрекеттен зардап шеккендерден жалпы сомасы 170 миллион теңге болатын халық тұтыну тауарларын алып, оларды ұрлау, сондай-ақ кейіннен өз еркімен жарату мақсатында бұл тауарлардың иесі,  ресейлік екі кәсіпкерді өлтірген. Ал олардың мүрделерін Семей қаласының маңына көміп тастаған.

«Алдын ала тергеу барысында анықталған деректер бойынша, аталған қылмыс 2008 жылдың күзінде осы облыстың кеден бекеттері бірінің бастығы жетекшілігімен топ болып жасалған»,-деді Н. Сүйіндіков.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы айыптау қорытындысымен келісіп, қазанның 13-інде айыпталушылардың ісі  сотқа тапсырылды.