Шығыс Қазақстанда биылғы қыста қалың қар мен бұрқасынның салдарынан алыс жолға шыққан автобустар сапарларын жалғастыра алмай, жолда қалуда.
«Қыс басынан бері түрлі бағыттағы 70 автобус қолайсыз ауа-райының салдарынан Аягөзде тоқтауға мәжбүр болды. Жолаушылар арнайы дайындалған орындарға жеткізілген», - деп мәлім етті ШҚО әкімінің баспасөз қызметіндегілер.
Соңғы рет 25 қаңтар күні сағат 20.30-да «Аягөз-Алматы» тасжолы жабылғандықтан «Семей-Мақаншы», «Семей-Барлық-Арасан», «Семей-Талдықорған» бағыттарындағы автобустар Аягөз қаласында қалып қойды.
«Олардың ішінде болған 71 адамның 8-і қонақүйге, 3-уі туыстарының үйіне қонса, қалғандары Аягөздегі спорт мектебіне орналастырылған. Жолаушылардың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді» - делінген мәліметте.