ШҚО-да Қызыл кітапқа енген торжуаның 2 мың данасын жұлған екі адам сотталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Қызыл кітапқа енген торжуаның 2 мың данасын жұлған екі адам сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Глубокое аудандық сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабы (сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер немесе жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша қылмыстық іс қаралды.

«Екі айыпталушы Черемшанка ауылының аумағында өсіп тұрған Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген торжуаны жұлып, жинап алған. Олардан барлығы 1923 дана өсімдік тәркіленді. Осылайша, сотталушылар өз әрекеттерімен Черемшанка орман шаруашылығына қомақты материалдық шығын келтірген», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімімен Риддер қаласының тұрғындары кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан шектелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.