ШҚО-да «қызыл» мәртебесі бар 1900-ге жуық адам түрлі нысандарға кірмек болған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «қызыл» статустағы 1900-ге жуық адам түрлі нысандарға кірмек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша соңғы аптада оқшаулану тәртібін елемеген 9 адамға қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылған.

«Оның ішінде Өскеменнен 6, Семей қаласы мен Алтай, Глубокое аудандарынан 1 адамнан анықталып отыр. Аталған тәртіп бұзушылардың аты-жөні департаменттің ресми сайтында жарияланған», - делінген ақпаратта.

Жалпы 2021 жылдың 10 маусымы мен осы күнге дейін Ashyq жүйесіне қосылған нысандарға кірмек болған 1893 «қызыл» және 2792 «сары» мәртебесі бар адам тіркелді.