ШҚО-да Мәдениет үйі жоқ аудан бар

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстандағы Глубокое ауданының орталығы Мәдениет үйінсіз тұр. Облыстың әкімі Даниал Ахметов ғимарат құрылысына қажет жоба ұсынуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Глубокое ауданында қос бірдей әлеуметтік маңызды нысан бой көтеретін болды. Оның бірі Мәдениет үйі  болса, екіншісі - дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Жергілікті әкімдік халыққа соның қайсы көбірек қажет екенін анықтап, жобалық-сметалық құжаттарын дайындауы тиіс.

Аудан әкімінің халық алдында есеп беру жиынына қатысқан Даниал Ахметов осындай тапсырма берді.

- Мәслихатпен бірге отырып, Мәдениет үйі мен дене шынықтыру-сауықтыру орталығының қайсын бірінші салу керектігін ақылдасыңыздар. Мәдениет үйі жоқ аудан - ол қандай аудан?! Жастар бас қосатын, шығармашылықпен айналысатын, кітапханасы бар ошақ аудан орталығына  керек. Сондықтан қажетті құжаттарды кешіктірмей әзірлеңіздер» - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.