ШҚО-да мал ұрлаумен айналысқан 2 адам ұсталды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Көкпекті аудандық полиция бөліміне шаруа қожалығының 56 жастағы иесі жүгінген. Өз сөзінде ол түнде белгісіз біреулердің шаруа қожалығы аумағына кіріп, 2 бас ірі қараны ұрлап кеткенін айтты.
«Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері Самар ауылының 26 және 29 жастағы тұрғындарын ұстады. Күдіктілерден заттай дәлелдемелер, атап айтқанда ірі қараның терісі табылды», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Мал ұрлағаны үшін күдіктілер 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары Жарма ауданында жедел-іздестіру шаралары барысында 11 жылқыны тапқан. Бұл жылқылар Аршалы ауылдық округінде 2020 жылдың 10 желтоқсанында жоғалып кеткен болатын.