ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу және алдын алу мақсатында өңір бойынша «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы жүргізілді.
Шара барысында тәртіп сақшылары 660-тан астам шаруа қожалығын, 314 мал мен ет өнімдері саудаланатын орындарды (базарлар, дүкендер, павильондар) және мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын 800-ге жуық көлікті тексерді.
Нәтижесінде 835 бас мал арнайы орынға қамалып, олардың иелері ҚР ӘҚбТ-нің 408-бабына сәйкес (мал жаю ережелерін бұзу) әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар мал мен ет өнімдерін тасымалдау және сату бойынша 50-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
«Жедел алдын алу шарасы кезінде облыста мал ұрлығының 11 фактісі тіркеліп, оның 9-ы тез арада ашылды. Осыған дейін жасалған 31 мал ұрлығы әшкереленді», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері төрт күн ішінде мал ұрлаған 21 адамды ұстап, 3 қылмыстық топтың жолын кесті. 101 бас мал иелеріне қайтарылып, жалпы сомасы 33 миллион теңгеден астам материалдық шығын өтелген.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да жеңгетайлықпен айналысқан 3 адамның ұсталғаны хабарланған.