ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ер адамға екі бап бойынша айып тағылған.
Бірінші ол түнгі уақытта Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған жауынгерлердің аты-жөндері қашалып жазылған Мәңгілік алауда тауық қуырып, мемориал аумағын ластап кеткен. Сөйтіп, тарихи-мәдени ескерткішті қорлаған.
Одан кейін көпқабатты тұрғын үйдің подъезінде мас күйде қатты айқайлап, боқтық сөздер айтқан. Есіктерді қағып, елдің мазасын қашырып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
— Сот қаулысымен ер адам екі бап бойынша кінәлі деп танылды. Оған 10 тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да Мәңгілік алауға тауық қуырғандар іздестіріліп жатқаны хабарланған.