ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға наурыз айының соңында Преображенка ауылындағы «Көкпекті-Васильев өткелі» тасжолының 138-ші шақырымында болған.
34 жастағы КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде рөлге отырып, жаяу жүргіншіні қағып кетеді.
Осының салдарынан 46 жастағы азамат бірден жан тапсырған. Ал жүргізуші болса қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін сол жерден ізін суытады.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары ер адамды қолға түсірді. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 5-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта бірқатар сараптама тағайындалған» деп хабарлады ведомство өкілдері.