ШҚО-да мектеп асханасындағы сорпа ішінде құрт жүрген

Фото: ҚР ДСМ

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданының орталығындағы Ленин атындағы орта мектептің оқушылары мектеп асханасындағы сорпа ішінен құрт тауып алған.

Бұл туралы мектептегі ата-аналар комитетінің төрағасы Оксана Занина мәлім етті.

- Балалар асханадағы сорпа ішінде жүрген тірі құртты көрген. Бұл бірінші жағдай емес. Бұған бұрын фото дәлел болмаған соң, ештеңе істей алмадық. Ал бүгін балалар суретке түсіріп, ата-аналарына жіберді, - дейді ол.

Оксана Занинаның айтуынша, оқу жылы басталғалы бері мектеп асханасын жалға алушы кәсіпкерге қатысты шағым жиі түсіп келеді. Алайда мектеп әкімшілігі бұл мәселеде әрекетсіздік танытып отыр.

Аудандық білім бөлімі санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жоспардан тыс тексеріс жүргізу туралы ресми хат жолдағанын хабарлады.

- Қазіргі уақытта тексеріс жүргізу мәселесі қаралу кезеңінде тұр. Соның қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес барлық қажетті шаралар қабылданады, - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ мектеп әкімшілігіне қатысты қызметтік тексеріс басталды. Білім ордасының басшылығына тиісті тәртіптік шаралар қолданылуы мүмкін.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да жасөспірімдер арасындағы қылмыс 45 пайызға өскені хабарланған.