ШҚО-да мұғалімдер мен жастар Президент Жолдауы жайлы пікірлерін ортаға салды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында мұғалімдер мен жастар Президенттің халыққа Жолдауына қатысты еркін пікір алаңын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын Amanat партиясының жастары мен жас педагогтар талқыға салды. Еркін пікір алаңында Жолдаудағы жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы және әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар сөз етілді. Сондай-ақ қатысушылар ел жастарының ертеңгі болашағы мен оларға қазір артылған зор сенім жайлы пікірлерімен бөлісті.

«Бұл Жолдаудың басым бағыттары жастардың әлеуметтенуіне зор мүмкіндіктер жасап, кемел келешекке қадам бастайтынына сенімім мол. Президент «Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті» деді. Парламенттің рөлін күшейтіп, сайлау жүйесіне қатысты нақты өзгерістерді атап өтті. Мемлекет басшысының барлық бастамалары өзекті. Енді жаңа Қазақстанның жаңару мен жаңғыру жолында бәріміз аянбай еңбек етуіміз керек», - деді Өскемен қаласындағы Шәкәрім атындағы №1 орта мектебінің директоры Әділ Сайлаубек.

Сондай-ақ шара барысында жастардың жұмыссыздығы, ауыл жастарының әлеуеті және жас мамандардың тұрғын үй мәселесі талқыға түсті.

Amanat партиясы жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасы шеңберінде нақты индикаторлар бақылауға алынып, орындалатындығын жеткізді.