ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тамыз айынан халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтары тұратын жеке тұрғын үйлерге тексеріс басталды.
Барлығы 3101 үйге бақылау жүргізілді. Соның нәтижесінде, 1379 үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғандығы анықталды.
«Оның ішінде пешті пайдалану ережелерін бұзу - 617, электр желілері мен электр жабдықтарын талапқа сай пайдаланбау - 540 және басқа сипаттағы ережелерді бұзу - 227. Осы үйлердің иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - делінген ақпаратта.
Ведомство өкілдерінің дерегінше, 3101 үйдің 946-сына улы газды анықтайтын датчик орнатылмақ. Бүгінгі таңда 251 датчик орнатылған.
«Сегіз айда өңір бойынша жеке тұрғын үйлерде шыққан өрттердің саны 13%- ға, өрт кезінде қаза болғандар саны 22%-ға азайған. Алайда көміртегі тотығымен улану 4,7%-ға, уланып қайтыс болғандар саны 25%-ға өскен», - делінген хабарламада.