ШҚО-да оқушылар 90 жыл бұрын салынған ескі мектептерде оқуға мәжбүр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстандағы 5 мектеп шұғыл жөндеуді қажет етеді. Шемонаиха және Риддер қалаларында сонау 1935-1936 жылдары салынған білім ордалары бар. Kazinform тілшісі балалардың сонда қалай оқып жатқанын және басқа ғимаратқа көшу қашанға жоспарланғанын анықтап көрді. 

Фото: Нелли Нигматуллина

Ел шығысында 344 мемлекеттік мектеп бар. Ең ескісі 90 жыл бұрын салынған. Ал Шемонаиха қаласы Теміржол шағынауданындағы мектеп осы күзде өзінің 88 жылдығын атап өтті. Өткен жылдардың сарқыншағы қабырғалардан, төбелерден, баспалдақтардан байқалып тұр.

- Бізді ғимараттың сырт көзге қалай көрінетіні толғандырмайды. Жасына қарамастан мектебіміз жайлы. 1936 жылы теміржол бекеті жұмысшыларының балаларына арналып салынған. Десе де 88 жылдың ішінде ескіргені анық. Бізде асхана болған жоқ. Балаларды тамақпен қамтамасыз ету үшін бірнеше кабинетті біріктірдік. Медициналық кабинеттен бастап, жуынатын бөлмелерге дейін кабинеттерді ыңғайластырып жасап алғанбыз, - дейді мектеп директоры Назигүл Тотекина.

Фото: Нелли Нигматуллина

Оның айтуынша, мектепте 360 бала білім алады. 2 кішкентай жуынатын бөлменің ішінде ғана дәретхана бар. Акт залы да жоқ. Сол себепті барлық шара спортзалда өтеді. Ол да талаптарға сай емес, жоғарғы қабатта орналасқан.

- Бұл өте ыңғайсыз. Дене шынықтыру сабағында астындағы кабинеттің мұғалімдері шағымданады. Егер балалар жүгірсе, қабырғалар, төбелер дірілдейді. Спортпен айналысқанда қалай жүгірмеуге болады? Қосымша жарыстарға тек кешкі уақытта дайындала аламыз, - дейді 9 сынып оқушысы Никита Рейзвих. 

Фото: Нелли Нигматуллина

Ең басты мәселе – бұл тар ғимаратқа оқушылар сыймай барады. 200-ден астам балаға арналған мектепте қазір 360 оқушы білім алып жатыр.

Фото: Нелли Нигматуллина

Риддердің де кейбір оқу ғимараттары сын көтермейді. Кеншілер қаласындағы №12 мектепке келесі жылдың наурызында 90 жыл толады. Спортзал мұнда жертөледе орналасқан. Балалар темір баспалдақпен төмен түсуге мәжбүр. Ал ылғалдан қабырғалар көгеріп кеткен.

- Біршама жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырсақ та нәтиже жоқ. Бұл балалардың денсаулығына қауіпті. Сондықтан көгерген қабырғамен үнемі күресеміз, - деді Риддер қалалық білім бөлімінің басшысы Любовь Микульская.

Фото: Нелли Нигматуллина

Тағы бір көне ғимарат - № 9 мектеп. Бұл білім ордасы ескі орыс тілі кабинетін спортзал қылып амалдап отыр. 38 шаршы метрлік бөлмеде спортпен 240 оқушы кезекпен айналысады. Бөлмелер оқушыларға ғана емес, ұстаздарға да жетпейді. Аядай кабинетте – екі меңгеруші де, әлеуметтік педагог те, инспектор да, аға-кеңесші де отыр. Басқа бөлмеде түске дейін тәрбиеші, түс ауа дефектолог жұмыс істейді.

Фото: Нелли Нигматуллина

Сондықтан да облыста мәселені түбегейлі шешу жоспарланған. «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім ордалары салынып, апатты жағдайдағы мектептің оқушылары сонда көшетін болады.

- Риддерде Кеңес үкіметі кезінде ең соңғы мектеп 1973 жылы салынған. 2022 жылы №11 мектеп бой көтерді. Ескірген мектептерді күтіп-ұстап, жөндеуге тырысамыз. Алайда балаларымыз заманға сай жағдай жасалған мектептерде білім алғанын қалаймыз. Енді міне 600 орындық жайлы мектеп салынбақшы. Оған №12 мектептен 250, №9 мектептен 240 оқушы ауыспақ, - дейді Любовь Микульская.

Фото: Нелли Нигматуллина

Мердігерлер Шемонаихадағы жайлы мектепті уақытынан бұрын тапсырмақ. 31 желтоқсанның орнына қарашаның ортасында пайдалануға беріп қоюы мүмкін.

- Құрылыс жұмыстары аяқталуға шақ қалды. Мектеп 95%-ға дайын. Балалар жаңа жылдық ертеңгіліктерін ескі спортзалда емес кең жаңа акт залында қарсы алса дейміз, - дейді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Молдаханов.

Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салынып жатыр. Өскеменде 3, Шемонаиха мен Риддерде бір-бірден, Глубокое ауданында екі мектеп балалардың игілігіне берілмек.