ШҚО-да оқушылар жәрмеңке өткізіп, жиналған ақшаны су тасқынынан зардап шеккен халыққа жіберді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің жұртшылығына гуманитарлық көмек жіберуде. Осы игі амалдан оқушылар да қалыс қалмады.

Фото: Ұлан ауданы әкімдігі

Гуманитарлық көмек жинау науқаны облыстың барлық қала, ауданында өтуде. Еріктілер, кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктер, жанашыр жандар азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, жиһаз және ақша әкелуде. 

«Осы уақытқа дейін 25 тонна гуманитарлық көмек жиналды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қолдауымен вагондарға салып, жөнелттік. Тиеуге волонтерлер, әскери-техникалық оқу орнының студенттері көмектесті. Көмек жинау әлі де жалғасады. Қабылдау пункттері - Шығыс Қазақстан волонтерлерінің және Қазақстан халқы ассамблеясының фронт-кеңселерінде орналасқан», - дейді облыстық волонтерлер фронт-кеңсесінің басшысы Айдос Әділбеков. 

Игі амалдан мектеп оқушылары да қалып қалмады. Ұлан ауданының оқушылары жәрмеңке өткізіп, онда ата-аналарының көмегімен дайындаған тағамдарын ұсынды. Барлығы 100 мың теңге жиналып, су тасқынынан зардап шеккендерге жіберілді.