Мемлекеттік еңбек инспекциясының ШҚО бойынша департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл өңір бойынша өндірісте 147 жазатайым оқиға болған. Соның салдарынан 158 адам зардап шекті, оның 80-і ауыр жарақат алса, 12-сі көз жұмды.
«Шығыс Қазақстанда 38 мыңнан астам адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда өндірісте жарақат алу көрсеткіші 8,1 пайызға төмендеген. Өндірістегі жарақаттардың негізгі үлесі – тау-кен металлургиялық кәсіпорындарға тиесілі», – дейді басқарма басшысы Бақытбек Қизатов.
Оның айтуынша, департамент пен облыс әкімдігі бірлесіп, 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдаған. Аталған жоспар шеңберінде бірнеше жоба жүзеге асырылып, өндіріс орындарындағы бақылау күшейтіледі.