Шығыс Қазақстанда 2020 жылы онкологиялық науқастар саны 20 538 адамды құраған. ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығы директоры Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, онкологиялық ауруларға шалдыққандар үміттерін үзбеу керек. Себебі өңірде қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім жыл сайын азайып келеді. Бұл көрсетілетін мамандандырылған көмектің сапасы мен дертті уақытылы анықтаудың нәтижесі.
«Өткен жылы Көпсалалы онкология және хирургия орталығында 5 440 науқас емделіп шықты. 2 мыңнан астам ота, сәулелік диагностика бөлімшесінде 16 мыңнан астам және орталықтың үш зертханасында 300 мыңға жуық зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ мамандандырылған онкологиялық көмек көрсетудің 13 заманауи әдісі енгізілді. Атап айтқанда, көкірек және көкірек қуысы ағзаларында видеоасистирленген торакоскопиялық оталар», - деді Гүлмира Сағидуллина.
Онкологиялық процестің дамуын ұстап тұруға көмектесетін таргеттік терапияның төрт жаңа желісі енгізілген. Науқастардың денесінде 1 жылдан 5 жылға дейін тұратын әрі қалыпты өмір салтын жүргізуге еш кедергі жасамайтын порт система мен пиклайн катетерлері орнатылуда. 2020 жылдың қыркүйегінен бастап аталған катетерлер 13 науқасқа қойылды.
«Сонымен қатар ел ішінде тек Көпсалалы онкология және хирургия орталығында қолданылатын серпінді инвазивті емес емдеу әдісін, яғни, MRgFUS магнитті-резонансты томографиясының бақылауымен фокусталған ультрадыбыс абляциясын ерекше атап өткен жөн. Бұл қуық асты безін, сүйек метастаздарын және жатырдың түзілімдерін емдеудің тиімді тәсілі. Магнитті-резонанстық томографтың бақылауымен ультрадыбыстық толқындардың бағытталған энергиясы қатерлі ісікті қыздырып, сау терілерге әсер етпестен, оны жоюға ықпал етеді», - деді орталық директоры.