ШҚО-да оныншы тәулік бойы жеті жасар қыздың денесін іздеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда оныншы тәулік бойы жеті жасар Дарья Проскуринаның денесі іздестірілуде. Ол балалармен су жағасына кеткен болатын және елу метрлік жардан өзенге құлаған. Оны іздеуге қосымша күштер жұмылдырылды, деп хабарлады КТК.

Жоғалған қыздың ата-аналарының айтуынша, Даша үлгілі бала болған, үлкендердің рұқсатынсыз ешқайда аттап баспаған. «Ол ешқашан бұлай алысқа кетпеуші еді. Көшеде жүгіріп жүретін, күніне әлденеше рет келіп, су ішетін, тағы басқа тамақ сұрайтын», - дейді Дарьяның анасы Елена Щогалева.

Чекоман ауылы Ертістің жарқабағында тұр. Оның биіктігі шамамен 50 метр. Міне, жеті жастағы Даша осы жарқабақтан құлап кеткен. Оқиғаны көріп тұрған балалар бірден көмекке жүгірген. Содан кейін бүкіл ауыл Дашаны іздеп шыққан.

«Анасы ауысымда кезекшілікте, әкесі өз ісімен айналысуда болды, бала қараусыз қалған болып отыр», дейді Достық ауылының әкімі Нүркен Жарлыкенов.

Оныншы тәулік бойы құтқарушылар өзеннің осы жерін сүзіп шықты. Іздестіру жұмыстарына өте терең болуы және ағынның күштілігі қиындық келтіруде. Семей қаласы судан құтқару қызметінің әдістемешісі Тасболат Көшкімбаевтың айтуынша, іздестіруге екі моторлы қайық және 40-тан астам адам тартылған.