ШҚО-да орман өртінің алдын алу үшін 370-тен астам рейд жүргізілді
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында орман өртінің алдын алу үшін 46 мобильді топ құрылған.
«Оның құрамына ТЖД қызметкерлері, орманшылар, полицейлер және жергілікті атқарушы орган өкілдері енген. Олар әсіресе орманды жерлерде мониторинг жүргізуде. Осы уақытқа дейін 370-тен астам рейд жүргізілді. Соның нәтижесінде, өрт қауіпсіздігін бұзған 41 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген ақпаратта.
Өрт қаупі жоғары кезең басталғанға дейін департамент мамандары мен орманшылар халықпен, ауыл әкімдерімен, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен 1338 кездесу өткізді. Шөпті өртеуге жол бермеу, далада өрт қауіпсіздігі ережелерін, оның ішінде ормандарда бұзудың қаншалықты қауіпті екендігі туралы жан-жақты түсіндірілді.
Еске салсақ, осыған дейін Катонқарағай ауданындағы орман өрті толықтай сөндірілгені хабарланған.