Өткен жылы Шығыс Қазақстан ормандарында 77 рет өрт шыққан. Отқа оранған жалпы аумақ – 502 гектар. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген шығын - 35,5 млн теңге.
«Бұл 2022 жылдың дәл осындай өрт қауіпті кезеңімен салыстырғанда 31 есе аз. Өрт сөндірушілер мен орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің келісілген және жергілікті атқарушы органның жедел әрекетінің арқасында өрттер мен материалдық шығын аумағы он есе азайған», - дейді ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Оның айтуынша, биыл облыста өрт сөндіру маусымы 8 сәуірде басталды. Орман өрттерін жою үшін азаматтық қорғау күштерінен, полицейлерден, орман шаруашылығы мекемелерінен және жергілікті атқарушы органдардан 279 адамнан тұратын 50 мобильді топ құрылды. Көктем шыққалы осы уақытқа дейін барлығы 129 рейд жүргізілген.