ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ер адамдар 7 қыркүйекте түнде Топиха ауылынан 5 шақырым жердегі Үлбі өзенінің жағасына серуендеп жүрген. Сол жерге көліктерімен келген олар орман ішінде адасып қалды. Қайтар жолды табамыз деп 2 шақырымдай арлы-берлі кезген екеуі құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.
«Оқиға орнына көп ұзамай жедел құтқару жасағының қызметкерлері «Хит» лақап атты итпен келді. Іздестіру шараларын жүргізіп, адасып кеткен жігіттердің көліктерін тапты. Осылайша, 1989 және 1991 жылғы азаматтардың іздеріне түскен құтқарушылар туристердің нақты орналасқан жерін анықтаған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Адасқандарға медициналық көмек қажет болмады. Өз кезегінде олар көмекке келген ТЖД қызметкерлеріне алғыс білдірді.