ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының іргесіндегі орманда жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 23 шілдеде орманға саңырауқұлақ теру үшін бет алған зейнеткер хабар-ошарсыз кеткен.
Келесі күні полицияға оның танысы хабарласқан. Тәртіп сақшылары бірден жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Сондай-ақ оларға еріктілер мен қала тұрғындары көмектесті.
«Жоғалған адамның денесі төрт күннен кейін табылды. Қазір өлімнің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы тек содан кейін белгілі болады», - делінген ақпаратта.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.