ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ұлан ауданындағы «Аюда» алқабы және «Асу-Бұлақ» орман шаруашылығы аумағы отқа оранған. Өрттің жалпы аумағы анықталып жатыр.
— Қазір сол жерде тілсіз жаумен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, ТЖД қызметкерлері күресіп жатыр. Сондай-ақ «Қазавиақұтқару» мекемесінің 2 тікұшағы жұмылдырылды, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Өртті сөндіру жаяу топтардың күшімен жүзеге асырылуда. Ал тікұшақтардың көмегімен әуеден су төгу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орманды алқапта құрғақ шөп, бұталар мен ағаштар жанған.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыдағы дәмханадан шыққан өрт 600 шаршы метр аумақты шарпығаны хабарланған.