ШҚО-да өрт сөндірушілерге жалған хабар берген ер адам қоғамдық жұмысқа жегілді

Фото: Алина Тулеубаева/Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудандық сотында төтенше жағдайлар қызметіне көрінеу жалған қоңырау шалуға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Белгілі болғандай, ер адам Алтай қаласының өрт сөндіру бөліміне хабарласып, Баяновск ауылында тұрғын үй жанып жатқанын айтқан. Алайда ТЖБ қызметкерлері оқиға орнына барғанда бұл ақпарат жалған болып шыққан.

Сот істі қарай келе, аталған азаматтың бұған дейін де Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 438-бабы (арнайы қызметтерге көрінеу жалған шақыру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын анықтады.

«Оның өз кінәсін мойындауын ескере отырып, сот құқықбұзушыға 40 сағаттық қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады», деп хабарлады соттан.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда жаңа Конституцияға қатысты фейк ақпарат таратқан тұрғын жазаланғаны хабарланған.