ШҚО-да отқа оранған гаражда газ баллондары болған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өрт сөндірушілер отқа оранған гараждан 6 газ баллонын алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт Бородулиха ауданы Жаңа Шүлбі кентіндегі Абеулов көшесінде болған. Құтқарушылар оқиға орнына бірден аттанған. Гаражды шарпыған қызыл жалынды ауыздықтау үшін қосымша күш шақырылған.

Өрт сөндірушілер тілсіз жауды өшіру кезінде 6 газ баллонын тапты. Дереу оларды суытып, қауіпсіз жерге алып шықты. Сонымен қатар өрт сөндірушілер жалын ары тарамас үшін бір шатырдың астында орналасқан жазғы асүй мен моншаға су шашты.

«Егер баллондар жарылса не боларын елестетудің өзі қорқынышты. Лезде әрекет еткен өрт сөндірушілер қайғылы жағдайдың алдын алды», - делінген ведомство мәліметінде.