ШҚО-да өзен-көлдердің жағалауында ереже бұзған 1 500-ден аса адам жауапқа тартылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жаз басталғалы өзен-көлдердің жағалауында түрлі ереже бұзған 1500-ден астам адам жауапқа тартылды.  

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін құтқарушылар мен көліктік бақылау инспекциясының мамандары патрульдеуді күшейтті.

«Бұқтырма су қоймасында шағын көлемді кемелердегі қауіпсіздік шаралары және судағы жүріс-тұрыс ережелері сақталуын қамтамасыз ету мақсатында рейд жүргізілді. Бұзушылықтардың арасында сапбордтарда, катамарандарда және басқа да жүзу құралдарында отырған кезде құтқару кеудешелерін кимеу, судағы шектеулерден асып жүзіп кету сынды жағдайдар бар», - дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы.

Департамент қызметкерлері жаздың басынан бері 2300-ге жуық патрульдеу мен рейдке шықты. Соның барысында құтқарушылар батып бара жатқан 18 адамға көмекке келіп, олардың өмірін сақтап қалды. 

Өзен-көлдердің жағалауында түрлі ереже бұзған 1583 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде жалпы су пайдалану ережелерін бұзған 46 адам, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған 24 адам, жағалауда алкогольді ішімдік ішкен 1480 адам, шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзған 33 адам тіркелді.