27 шілдеде әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысында Филиповка өзенінің сүтті реңкке боялып, ластанғаны туралы бейне жарияланған еді. Осы факті бойынша Экология, Балық инспекциясы, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері, Риддер қаласы әкімдігі және «Қазмырыш» ЖШС өкілдерінің қатысуымен комиссиялық сапар орын алды.
«Өзеннің ластануы «Қазмырыш» ЖШС Риддер тау-кен байыту кешенінің қалдық қоймасындағы қойыртпақ құбырының жарылуы салдарынан пайда болды. Соның салдарынан жерге қойыртпақ төгіліп, кейіннен өзенге құйылған. Экология департаментінің қызметкерлері химиялық талдауға су сынамаларын алды. Қазіргі таңда сынама талданып жатыр», деп атап өтеді министрліктен.
Өзеннің одан әрі ластануын жою мақсатында «Қазмырыш» ЖШС қойыртпақ құбырларын босатты. Сонымен қатар ластанған жер учаскесі техникамен жинастырылып, қолданыстағы қалдық қоймасына орналастырылды.
Аталған факті бойынша Экология департаменті тарапынан «Қазмырыш» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру белгіленді.