ШҚО-да пандемия басталғалы қай қала, ауданда вирус жұқтырғандар жиі тіркелді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында пандемия басталғалы бері 60 мыңға жуық адам коронавирусқа шалдыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, COVID-19 пандемиясы басталғалы бері өңір аумағында 59 476 адам вирус жұқтырған.

Оның ішінде науқастар Өскеменде (22 080 адам), Семейде (19 689), Глубокое ауданында (2890), Риддер қаласында (2275) және Алтай ауданында (2060) жиі тіркелді. Ал коронавирусқа шалдыққандар саны Күршім (323), Үржар (205), Абай (192) аудандарында ең аз.

«Облыста соңғы тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 11 адам тіркелді. Оның ішіндегі 10 науқаста симптом бар болса, 1 адам сырқатты симптомсыз өткеруде. Бір күнде 20 пациент коронавирустан толықтай сауығып шықты. Қазіргі уақытта облыс бойынша стационар жағдайында 138 науқас ем-дом қабылдап жатыр», - делінген ақпаратта.

Жалпы Шығыс Қазақстандағы стационарларда төсек-орын жүктемесі 6,5 пайызды құрайды.