ШҚО-да пәтер тонады деген күдікпен екі азамат ұсталды
Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, ақпан айының соңында, сағат таңғы 7-нің шамасында 35 жастағы жәбірленуші әйел полицияға хабарласып, өзінің түн ортасында ашылған балкон есігінің сықырынан оянып, төргі бөлмеге өте бере қараңғыда ер адамды көргендігін және әлгі адамның оны темір затпен ұрғандығын айтты.
«Жәбірленуші айқайлап, кіреберіске қашып шығады да, көршілерін көмекке шақырады. Көрші тұратын сіңлісін ертіп пәтерге қайтып оралғанда ол өзіне тиесілі 200 мың теңге және құжаттары салынған сөмкенің ұрланғандығын байқаған», - дейді Н. Ораз.
Жедел іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Глубокое ауданының екі тұрғыны құрықталды. Қазіргі таңда олардың осы тектес ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.