ШҚО-да пеш жағатын 7 мыңнан астам үйде өрт қауіпсіздігі сақталмаған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында пеш жағып отырған 7 мыңнан астам үйде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жылыту маусымы басталғалы бері өңір құтқарушылары профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Бүгінгі таңда облыс аумағында пеш жағылатын 90 113 үй бар.

«Мамандар 67 145 жеке тұрғын үйді аралап шықты. Соның нәтижесінде, пеш жағып отырған 7 мыңнан астам үйде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағаны анықталды. Оларға ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Пештен шыққан өрт аса қауіпті. Көп жағдайда ол үйдің толықтай жанып кетуіне әкеліп соғады», - дейді департамент бастығының орынбасары Серік Амангелдин.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 111 рет пеш өртенген. Соңғы өрт 31 қазанда Өскемендегі Куратов көшесінде болды. Жер үй ауласындағы моншаның шатыры, ағаш құрылымдары жанды. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 12 шаршы метрді құраған.