ШҚО-да полицейді қорлаған ер адам қоғамдық жұмысқа жегілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғыны полиция қызметкеріне тіл тигізгені үшін қоғамдық жұмысқа жегілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол ережесін бұзған жүк көлігінің жүргізушісі өзін тоқтатқан тәртіп сақшысына балағат сөздер айтып, көптің көзінше қорлаған.

Шемонаиха аудандық сотының үкімімен ер адам ҚР Қылмыстық Кодексінің 378-бабы (Билік өкілін қорлау) бойынша 50 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Алайда сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ол жұмыс істеуден бас тартқан.

Оған қоғамдық жұмыстардан жалтарғаны үшін жаза қамауға алумен алмастыратыны туралы бірнеше рет ескертілді. Сонда да азамат құлақ аспаған.

«Бүгінгі таңда сотталғанға қатысты материалдар сотқа жолданды. Енді Өскемен қаласының тұрғыны 12 тәулікке қамауға алынады», - дейді Үлбі аудандық пробация қызметінің инспекторы Айгүл Мусинова.