ШҚО-да полицейді темірмен соққыға жыққан ер адам 5 жылға қамалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында полиция қызметкерін темір шыбықпен соққыға жыққан ер адам 5 жылға түрмеге қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 30 жастағы тәртіп сақшысы жергілікті тұрғынның алкогольды сусын ішкен-ішпегендігін анықтау мақсатында медициналық куәландыруға жеткізбек болған.

«Алайда ол полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартты. Онымен қоймай, темір шыбықпен полиция қызметкерінің ішіне соққы жасап, дене жарақатын келтірген. Полицейдің кәсіби іс-қимылдарының арқасында ер адам ұсталды. Тергеу амалдары аяқталған соң іс сотқа жетті», - делінген ақпаратта.

Аудандық соттың үкімімен айыпталушы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.