ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға осы жылдың сәуір айында болған. Ұлан ауданының пробация қызметкері сотталған адамнан 400 мың теңге көлемінде пара талап еткен.
- Себебі оған бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылу қаупі бар еді. Осыны болдырмау үшін инспектор материалдардың сотқа жіберілмеуіне көмектесетіндігін айтып, уәде берген, - делінген ақпаратта.
Пробация қызметкері ақшаны алып жатқан кезде оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ұстады.
- Сот барысында прокурор инспекторды 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Десе де, Ұлан аудандық сотының шешімімен айыпталушы 12 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Сонымен қатар ол капитан шенінен айырылды, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында тыйым салынған діни материал таратқан топ сотталғаны хабарланған.