Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеруге Кәсіпкерлер палатасы Ұлан аудандық филиалының өтініші негіз болды.
Жергілікті атқарушы органның 4 учаске бойынша уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына конкурс жариялағаны анықталды.
Алайда, өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін қорытынды шығарылмаған, қатысушылардың өтініштері екі айдан астам уақыт бойы қараусыз қалған, бұл негізсіз әкімшілік кедергілер тудырып, азаматтардың шаруашылық жүргізу құқықтарын шектеген және жердің экономикалық айналымға тартылуына кедергі келтірген.
Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша аудан прокуратурасы аудан әкімінің атына қадағалау актісін енгізді.
Прокурорлардың араласуының арқасында конкурстық рәсімдер толық аяқталып, өтінімдер қаралды, ал учаскелер бойынша жеңімпаздар анықталды.
Нәтижесінде конкурсқа қатысқан 6 адамның құқығы қорғалып, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылды.
-Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері прокуратура органдарының ерекше бақылауында қалады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Қазақстанда «прокурорлық сүзгі» тетігі мен инвестор-прокурорлардың жұмысының нәтижесінде инвесторларға қатысты тексерулер мен әкімшілік жауаптылыққа тарту жағдайлары азайғаны туралы жаздық.