ШҚО-да ірі қараға түлкіден тараған құтыру ошағы оқшауланды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында ірі қара мал арасына түлкіден құтыру ауруы тарап кеткен.
Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандыков мәлімдеді.
— Түлкі дер кезінде қолға түсіп, жүргізілген диагностикалық зерттеулер нәтижесінде жануардан құтыру вирусы анықталған. Ауру ошағы анықталғаннан кейін мамандар ірі қара мал басын жедел тексеруден өткізді. Зертханалық сараптама қорытындысы бойынша бес сиырдың құтыру жұқтырғаны белгілі болды, — деді ол.
Инфекция ошағында эпизоотияға қарсы барлық қажетті шаралар шұғыл түрде жүргізілді. Шектеу шаралары енгізіліп, төрт түлік оқшауланды және кешенді санитарлық өңдеу жұмыстары қолға алынды.
— Өткен жылы осындай жағдай көршілес Тарбағатай ауданында тіркелген. Ол кезде түлкі үй жануарын тістегенімен, зертханалық тексеру нәтижесінде одан құтыру вирусы табылған жоқ, — деді Р.Сағандықов.
Еске салсақ, осыған дейін Атырауда желтоқсаннан бері жұқпалы ауру анықталған ірі қара саны 4,5 мыңнан асқаны хабарланған.