ШҚО-да радиациялық аймақ үшін үстемеақы төленбей келген: 317 көмекшінің жалақысы қайта қаралды

АСТАНА. KAZINFORM — Өскемен қаласының прокуратурасы қадағалау қызметі барысында I топтағы мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсететін жеке көмекшілердің еңбекақысын төлеу кезінде заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады. Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы мәлім етті.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

— Тексеру нәтижесінде 317 көмекшіге төлемдерді есептеу кезінде заңнамада көзделген, радиациялық қауіптілігі жоғары аймақта жұмыс істегені үшін 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріндегі үстемеақы қолданылмағаны белгілі болды. Өскемен қаласы осындай аймаққа жатқызылған, — деп хабарлады прокуратурадан.

Соның салдарынан қызметкерлер тиесілі қаражаттарын толық көлемде алмаған. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, аталған үстемеақы еңбек шарты негізінде жұмыс істейтін тұлғаларға да, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша қызмет атқаратын адамдарға да міндетті түрде төленуге тиіс.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 2025 жылдың басынан бастап төлемдерді қайта есептеу бастамасы көтерілді. 317 қызметкердің бұзылған құқықтарын толық қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешені қабылданды.

Айта кетейік, Абай облысының прокуратурасы агроиндустриялық кластер инвесторының құқықтарын қорғады.