ШҚО-да Ресей шекарасына дейінгі 121 шақырым жол жаңартылады

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Өскемен — Шемонаиха — РФ шекарасы» автомобиль жолын ауқымды жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.

Фото: ШҚО әкімдігі

Биылғы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін облыс орталығын шекара маңындағы аудандармен және Ресей Федерациясымен байланыстыратын 121 шақырымдық жол толығымен дерлік жаңартылады. Аталған бағыттағы жөндеу жұмыстары 2025 жылы басталды. Алғашқы кезеңде 30 шақырым жол жөнделіп, пайдалануға берілді. 2026 жылы қалған 91 шақырым орташа жөндеумен қамтылды. Жұмысты жедел әрі тиімді ұйымдастыру мақсатында 91 шақырымдық жол үш нысанға бөлінді. 1089–1115 және 1159–1162 шақырымдардағы учаскелерде құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды. Ал 1175–1191 және 1194–1212 шақырымдарда асфальтбетон жабынын төсеу аяқталды.

— Қазір жол жиектерін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл учаскелердегі жұмыстарды тамыз айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар 1145–1159 және 1162–1175 шақырымдарда жаңа асфальтбетон жабынын төсеу қарқынды жалғасып жатыр. Бастапқыда бұл нысанды екі жыл ішінде іске асыру көзделген болатын. Алайда мердігер ұйым негізгі жұмыс көлемін орындап, нысанды 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Осылайша, биылғы жол-құрылыс маусымы аяқталғаннан кейін Өскеменнен Шемонаиха арқылы мемлекеттік шекараға дейінгі бағыттың басым бөлігіне жаңа жол жабыны төселеді, — делінген хабарламада.

Жөндеу барысында суық ресайклинг технологиясы қолданылып жатыр. Бұл әдіс бойынша қолданыстағы жол жабыны сол жерде қайта өңделіп, нығайтылған негіз ретінде пайдаланылады. Оның үстіне асфальтбетонның екі жаңа қабаты төселеді. Мұндай технология жол құрылымының беріктігін арттырып, пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Жоба аясында сондай-ақ төрт су өткізу құбырын орнату, жол жиектерін нығайту және жаңа жол таңбасын салу қарастырылған.

Компанияның мәліметінше, жұмыстардың сапасы барлық кезеңде бақылауда. Жөндеу барысын техникалық қадағалау мамандары мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК өкілдері тексеріп отырады. Жөнделген учаскелер ресми түрде пайдалануға берілгеннен кейін оларға бес жылдық кепілдік мерзімі белгіленеді. Осы кезеңде мердігердің жауапкершілігіне жататын ақаулар анықталған жағдайда, олар мердігер ұйымның өз қаражаты есебінен жойылады. 

Нәтижесінде екі жылдық жөндеу бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстандағы маңызды көлік бағыттарының бірі толық жаңғыртылады: 2025 жылы 30 шақырым жол нормативтік жағдайға келтірілсе, 2026 жылы тағы 91 шақырым жөнделіп жатыр. Жолдың жаңаруы Өскемен, Шемонаиха ауданы мен мемлекеттік шекара арасындағы қатынастың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын Ақтөбеде 23 шақырымдық жол жөндеу жұмысы бес жылға созылып кеткені белгілі болды.