ШҚО-да ресми сайтта жалған ақпарат жариялаған бөлім басшысы жауапқа тартылды

Фото: Бас прокуратура

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — ШҚО-ның Самар ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында жалған ақпарат орналастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аудан прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде әкімдіктің сайтында бос жер учаскелері туралы расталмаған мәліметтер жарияланғаны анықталды.

- Атап айтқанда, шабындық жер көлемі 180,34 гектар, жайылым 30,62 гектар деп көрсетілген. Алайда, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ ШҚО филиалының мәліметтері бойынша бұл көрсеткіштер тиісінше 193,4 және 30,0 гектарды құрайды.

Осыған байланысты аудан прокуратурасы лауазымды тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 1-бөлігі (мемлекеттік органның жалған ақпарат таратуы) бойынша әкімшілік іс қозғады, - деп жазды бақылаушы органнан.

Биылғы 25 маусымда Самар аудандық сотының қаулысымен бөлім басшысы кінәлі деп танылып, оған 117 960 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Бұл – республика бойынша ӘҚБтК-нің 456-2-бабы аясында жалған ақпарат таратқаны үшін лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартудың алғашқы және әзірге жалғыз фактісі.

Айта кетейік, ШҚО-да бос жатқан 64 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды.